Ұялы байланыс баланстары тексеріле бастады
Қаржылық мониторинг агенттісі ұялы байланыс балансын толықтыру операцияларын зерттемек. Бұл туралы агенттік төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов LS-ке берген сұхбатында хабарлады.
Мәжіліс депутаты Самат Нұртазы ұялы байланыс операторларын Қаржылық мониторинг субъектілерінің тізіміне қосуды ұсынды. Оның айтуынша, абоненттік шоттар бүгінде шағын банк қызметін атқарып отыр: олар арқылы коммуналдық төлемдер төленіп, үшінші тұлғалардың есепшоттарына шектеусіз қаражат аударуға болады. Бұл жағдай телефон алаяқтары үшін тиімді құралға айналған, себебі олар осындай жолмен заңсыз табысты қолма-қол ақшаға айналдырып отыр.
Осыған байланысты С. Нұртазы ұялы байланыс операторлары Қаржылық мониторинг агенттігіне қандай мәліметтерді ұсынатынын, мұндай деректерді бермеу не заңбұзушылықтар үшін қандай жауапкершілік қарастырылғанын, сондай-ақ қаржылық операцияларды бақылауға алуға негіз болатын шекті сома қандай болу керектігін нақтылауды сұрады.
Бұл сұраққа жауап берген ведомство басшысының орынбасары операторлардан күмән тудыратын, әдеттен тыс баланс толтырулар жөнінде ақпарат түсіп жатқанын растады. Сонымен қатар, бір абоненттің шотына әртүрлі көздерден қаражат аударылатын жағдайлар да бақылауға алынатынын атап өтті.
"Операторлар SIM-карта сатып алушылардың жеке басын міндетті түрде сәйкестендіруі тиіс. Бұл дропперлікпен тиімді күрес жүргізуге мүмкіндік береді", – деді Ж. Елемесов.
Бұзушылықтар үшін жауапкершілік Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 214-бабына сәйкес қарастырылады. Бұл бапта заңбұзушылықтың сипаты мен салдарына қарай түрлі жаза түрлері көзделген- ескерту жасаудан бастап, айыппұл салу және лицензиядан айыруға дейін. Әкімшілік айыппұлдың ең төменгі мөлшері 20 айлық есептік көрсеткішті (АЕК) құрайды, бұл 2025 жылы 78 640 теңге.
"Операторларға қатысты нақты шекті сома белгіленбеген. Бізге қарапайым азаматтардың баланс толтыруы емес, күмән тудыратын, әдеттен тыс аударымдар мен толықтырулар маңызды", – деді Ж. Елемесов.
Айта кетейік, бұған дейін LS редакциясы ұялы байланыс операторларын алаяқтарға көмек көрсеткені үшін жауапкершілікке тарту жоспарланып отырғанын хабарлаған болатын.