Қытай мен Қазақстан шекарасында шамамен 1,5 мың жүк көлігі кезекте тұр. Бұл жағдайға қатысты Мемлекеттік кірістер комитеті түсініктеме берді, деп хабарлайды LS.
Мәселе "Нұр Жолы" өткізу бекетінде туындаған. Комитеттің мәліметінше, 2025 жылдың 8-12 қарашасы аралығында Қытай тарапы тәулігіне орта есеппен 700-750 жүк көлігін қабылдаған. Нәтижесінде шамамен 1,5 мың көлік қазақстандық жағында уақытша жиналып қалған.
Бұған дейін, Қазақстан мен Қытайдың шекаралық кеден қызметтері тәулігіне кем дегенде 800 көлікті өткізу жөнінде келісімге келген болатын. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті біртіндеп 1 мың көлікке дейін арттыру көзделіп отыр. Осыған байланысты электронды кезек жүйесіндегі лимиттер де тасымалдау процесін үздіксіз жүргізу үшін ұлғайтылған.
Сондай-ақ, "Қалжат" – "Дулат" (ҚХР) өткізу бекетінде инспекциялық-тексеру кешенін орнату бойынша монтаж жұмыстары жүргізілген. Аталған жұмыстар шамамен бір аптаға жалғасқан.
"Осы кезеңде аталған бағыттың өткізу мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, көлік легінің бір бөлігі "Нұр Жолы" бекетіне ауыстырылып, оның инфрақұрылымына қосымша салмақ түсті", – деп түсіндірді Кірістер комитетінде.
Жағдайды тұрақтандыру мақсатында 2025 жылғы 13 қарашадан бастап көлік өткізу лимиті тәулігіне 650 бірлікке дейін оңтайландырылатын болады.
Бұл шара көлік ағынын теңдей бөлуге және өткізу операцияларының тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
"Жағдай комитеттің тұрақты бақылауында", – деді ведомство өкілдері.
Сонымен бірге Қытай тарапымен өткізу мүмкіндігін арттыру бойынша бірлескен жұмысты жандандыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.
