Темірлан Еңсебек ісінен нендей сабақ аламыз?
Oyan, Qazaqstan қозғалысы мүшесінің өз сотына кіре алмауы Qaznews24 парақшасында жарияланған жаңалыққа ұқсайды. Өкініштісі, бұл — әзіл емес, шындық.
11 сәуірде Алматының Наурызбай аудандық сотында судья Бейнегүл Қайсина журналист және Qaznews24 сатира жаңалықтары паблигінің әкімшісі Темірлан Еңсебек ісі бойынша шешім шығарды — 5 жыл еркіндігін шектеу, журналистикамен және қоғамдық қызметпен айналысуға тыйым салу және т.б. Үш күн бойы үлкен сот процесі өткен кішкентай бөлмеден айыпталушының өзіне орын табылған жоқ.
Читайте этот материал на русском.
Read this article in English.
1-сабақ. «Жеке тірлік те саясат» ұранын түрлендірсек, креатив те — саясат
The Personal is Political — ХХ ғасырдың 60-70-жылдары танымал болған феминистік қозғалыстың атақты ұрандарының бірі. Ондаған жыл бойы феминистер айтып келген осы ұран талай ұқсас сөздің шығуына себеп болды. Бұл әйелдер құқығы үшін күрестің маңызды мұрасы, онсыз қазір интерсекциялық феминизмді және басқа әлеуметтік қозғалыстарды елестету қиын. Тағы да қайталап айтайын: креатив те — саясат.
Креатившілдік — жаңа бір нәрсені жасау, қалыптан тыс көре білу, батыл да қауқарлы идеяларды іске асыру қабілеті. Біздің қалай киінетінімізді, не нәрсеге сенетінімізді, таңертең не жейтінімізді, адамгершілік пен қоғам нормаларын — бәрін креатившіл адам немесе адамдар тобы ойлап тапты, миллиондаған адам соны қолдады.
Бір нәрсені ойлап табу — әлденеге қарсы келу деген сөз. Құдіретке, табиғатқа, кездейсоқтыққа, дәстүрге қарсы келу. Онсыз даму болмайды, жаңа нәрсе ойлап тапқанда ғана өмірді өзгертеміз. Бұл көзге байқала бермейтін өзгеріс болуы мүмкін, ол топырақ астындағы кішкентай дән секілді біртіндеп өседі. Осы дәннің жер бедерін өзгерткені секілді, креаторлар да келешекте елді өзгертеді. Мағынаға, образдарға тер төгіп еңбек ету арқылы олар жаңа нормаларды өмірге әкеледі, ескілерін өшіреді. Ықпалы көп нәрсе саясаттан тысқары болуы мүмкін бе? Мүмкін емес деп ойлаймын.
Креатив те саясат. Кейде тым радикал, кейде сәл радикал болуы мүмкін. Бірақ қашан да батыл әрі шыншыл. 29 жастағы Темірлан Еңсебек бірнеше жыл бұрын Қазақстандағы өмір шындығына төтеп берудің креатив тәсілін тапты. Qaznews24 парақшасына 75 мың аккаунт жазылғанына қарап, оның тәсілі көпшілікке жетті деуге болады. Соттың Темірланды оқшаулау тактикасын таңдауы тегін емес. Ол тергеу изоляторында отырды, ал сот қаланың шет жағындағы «Шұғыла» ықшамауданында өтті, тікелей трансляцияға және бақылаушыларға емін-еркін кіруге мүмкіндік берілген жоқ.

2-сабақ. Отбасы қолдау көзіне айнала алады
Темірланның әкесі Марат Тұрғымбай әу бастан ұлын жақтады, қоғаммен байланысуға ашық екенін көрсетті. Оның үстіне, өзі Темірланның қоғамдық қорғаушысы болды, ұлы процеске қатыса алмай жатқан кезде адвокат Жанар Балғабаевамен бірге сотта отырды. Процесс өтіп жатқан бөлмеден тысқары Темірлан үшін қалыңдығы Мария Кочнева күресіп жатты, күресіп те келеді. 10 сәуірде оны және өзге қолдаушыларды полиция ұстап әкетіп, айыппұл салды.
3-сабақ. Достар мен қолдаушылар көмекке әзір
Темірлан Еңсебек ісі — Қазақстандағы жалғыз саяси қудалау емес, бірақ оны өзге істерден ерекшелеп тұрған нәрсе — ұйымдасқан түрдегі қолдау. Oyan, Qazaqstan қозғалысына қатысушылар сатиралық жаңалықтарға арналған Qaznews24 паблик-агенттігімен бірлесіп, 2025 жылғы 17 қаңтардан бастап Еңсебекті қолдауға бағытталған ақпараттық және қоғамдық науқан бастады. Ол қамауға алынғаннан кейін бес адам бірінен кейін бірі пикетке шықты. Темірлан Еңсебек тергеудің аяқталғанын күткен үш ай ішінде достары мен құрбылары оған хат жазумен болды, тергеу изоляторына тамақ пен киім-кешек тасыды, процесті көру үшін сотқа қатысты.
Қазақстан сотымен бетпе-бет келуді ешкімнің басына бермесін. Темірланның достары, қолдаушылары мен отбасы бізге мұндайға жол бермеудің үлгісін көрсетті.

4-сабақ. Қоғамдық дүмпудің мәні бар
Саяси астары бар сот процестерінде процестің өзі ғана емес, оған назар бөлу де маңызды. Трансляцияның болмауы, қорғаушыларға Темірланның сотқа қатысуына рұқсат бермеу, бақылаушыларды процестен алшақтату — Темірланды және оның ісін көпшілік назарынан бұру, оның оқиғасын күнделікті жаңалықтар легінде сұйылтып жіберу жолындағы әрекет.
Сот, тергеу, құқық қорғау жүйесі секілді тетіктер бір-бірімен астасып, репрессия аппаратының бұрандасына айналған кезде, дүмпу тудыру — қоғамның қолында қалған азғантай құралдың бірі.
Егер іс кеңінен таралып, қоғам назарына жетсе, жүйе де мұны ескеруге мәжбүр болады. Бұдан сот бірден әділ бола қалмайды, бірақ процесс барысына әсер етуге мүмкіндік бар. Айып үкімі шыққанның өзінде, қоғамның қысымы қамауда ұстау мерзіміне, жағдайына, апелляция барысына әсер етуі мүмкін. Сондықтан мінсіз болмаса да, резонанс — қорғанудың бір түрі. Лайк, жазылған пікір, репост, пост, акция, пикет, үндеу — бәрі есепке алынады. Процесті жіті қадағалай отырып, қоғам жүйеге: «Біз көріп тұрмыз, ұмытқан жоқпыз» дегенді жеткізеді.

Еңсебекті қолдаушыларға адамдарды көбірек жұмылдыруға жол бермеу үшін судья Қайсинаның процесті жеделдетуі осындай істерге қоғамның араласуы маңызды екенін, оның әсері болатынын көрсетеді.
5-сабақ. Қорқудың айыбы жоқ, әрекет етпеу — айып
Жарыссөз кезінде Темірлан сотқа қылмыстық қудалауға ұшырауы Қазақстан журналистикасына төнген қауіп екенін, елде тәуелсіз журналистиканың болу-болмауы судьяның шешіміне байланысты екенін айтты:
«Егер сіз мені шектейтін болсаңыз, [онда] менің журналист әріптестерім қорқатын болады. Өзінің кәсіби қызметін атқарудан қорқады».
Бұл сот — Темірланға ғана қарсы іс емес. Бұл — екі құндылық жүйесінің қақтығысы. Біреуі адам өмірі, еркіндігі мен абыройы — қазіргі әлемнің басты ұғымы деген жүйені жақтайды. Екіншісі адамды бар болғаны сайман; пайдалануға болатын зат көріп, кейін қажет болмай қалғанда жоқ қыла салатын жүйені жақтайды. Бүгін Темірлан Еңсебекке шығарылған үкім — Қазақстанның тәуелсіз журналистикасына ғана емес, ой еркіндігі мен шығармашылық бостандығына арналған үкім. Қазір қай жүйенің бөлшегі болғымыз келетінін таңдайтын сәт.
Таңдауыңызды жасамас бұрын адам өмірі бағаланбайтын жүйеде қауіпсіз тақырып та, ескіру мерзімі де жоқ екенін есте ұстаған жөн.
Қазір Ақордадағы біреудің көңіліне тиетіндей ештеңе істемесеңіз де, қорғауда екеніңізге сенім жоқ.
Бақылаудағы өнер, бақылаудағы контент, шектен шықпаудың не екенін білуің және соны ұстануың — креатившіл адамдар үшін ауыспалы мағынадағы өлім. Мұндай жағдайда мәдениет азады, ал көрермен рухани жағынан да, материалдық тұрғыдан да тозады.
Власть — это независимое медиа в Казахстане.
Поддержите журналистику, которой доверяют.
Мы верим, что справедливое общество невозможно построить без независимой журналистики и достоверной информации. Наша редакция работает над тем чтобы правда была доступна для наших читателей на фоне большой волны фейков, манипуляций и пропаганды. Поддержите Власть.
Поддержать Власть