
Тоқаев қазақ-оман бизнес форумында сөз сөйледі
06.10.2026
Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидтың елімізге мемлекеттік сапары аясында қазақ-оман бизнес форумы өтті. Жиынға екі елдің жетекші компаниялары мен іскерлік топ өкілдері қатысты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев форумда сөйлеген сөзінде өзара сенім мен түсіністік сипатында өткен жоғары деңгейдегі келіссөздердің ашық, объективті әрі шын мәнінде мазмұнды болғанын айтты.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Оман арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды ілгерілету үшін тиісті келісімшарт-құқық базасы мен институттық негіздерді күшейту қажет екенін алға тартты.
Президент бұл ретте Инвестицияларды көтермелеу туралы келісімнің маңызына тоқталды. Аталған уағдаластық аясында жобаларды іске асыратын инвесторлар анағұрлым түсінікті, ашық әрі сенімді шарттармен қамтамасыз етілген.
Сондай-ақ екі елдің іскерлік топтары арасындағы тікелей байланыстарды дамытуға айрықша мән берілді.
"Қазақстан-Оман іскерлік кеңесі бизнес өкілдері бір-бірімен белсенді араласатын алаң болатынына сенімдімін", – деді Президент.
Мемлекет басшысының пайымдауынша, тиімді қаржылық тетіктер Қазақстан мен Оманның ортақ мақсаттарын қуаттай түседі.
"Біз "Самұрық-Қазына" АҚ мен Оман инвестициялық басқармасы арасындағы бірлескен инвестициялық құрылымды іске қосу туралы келісімге қол қойылуын құптаймыз. Бұл маңызды бастама қаржылық мүмкіндіктерді біріктіріп, қосымша инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ біз Оманның жақында құрылған Халықаралық қаржы орталығымен ынтымақтастықты жолға қоюға болады деп санаймыз. Екі ел қаржы институттарының бір-бірімен тікелей байланыс орнатуы инвестициялық мүмкіндіктерге жол ашады", – деді Президент.
Источник: Zakon.kz · Айдос Қали
